Көзімді ашсам тал түс болған екен. Күннің жарығы көзді алып барады. Өзім қатты терлеген екенмін. Ары-бері қарасам Сахарада сияқтымын. Бірақ, бұл мен телевизордан көріп жүрген сахара емес, басқаша. Негізі өзі жөндеп сахараға да ұқсамайды. Марсқа түсіп кеткен сияқтымын ба? қалай өзі?! Тұла бойым дірілдеп, жүрегім қатты соғып тұр. Қарным да аш, құм жұтқандай шөлдеп те тұрмын. Түрегеп қарасам үсті басым жерге аунап ойнаған ойын баласы секілді шаң-топырақ. Анадан жаңа туғандай жалаңаш екенмін. Бірақ оған мән беріп тұрған мен жоқ, ойым басқа жақта, басымды қатты бір уайым басқан...
Ақырындап есімді жиып, айналама назар салып көрсем мен сияқты адамдар көп екен. Уһ, әйтеуір жалғыз емес екенмін ғой бір деп күрсініп алдым. Біреуі тұрып жатыр, біреуі басын сипалап отыр, біреулердің жартысы жердің астында, жартысы сыртта. Ішімнен бұлардың өзін-өзі жерге көміп қойғандары несі?! деп ойлап қоям. Ал біреулері екі көзі арнасынан шығуға шамалы-ақ қалған, абдырап ары бір жүгіреді, бері бір жүгіреді. Аяғымның ұшып көтеріп қарасам, айналадағы адамның ұшы-қиыры жоқ көп. Барлығының түрлері бозарып кеткен, барлығы бастарын төмен салбыратып өз алдарына бір нәрсе деп сыбырлап жатқан сияқтанды.
Ойпырмай не болып кетті? мен қайдамын? бұл не адамдар? Кеше ғана жұмыстан келіп, тамағымды ішіп ұйқыға кеткен сияқты едім. Ол кезде қыс сияқты ма еді... Басым әбден қатты. Күн да ыстық, күннің бұндай қапырық, ыстығын өмірде сезбеген екенмін. Төбеге тіпті қарап болмайды, құдды бір күнді қақ төбебімізге әкеліп қойғандай...
Бір кезде шегірткедей көп адамдар белгісіз бағытқа қарай өзінен-өзі жылжи бастады. Мен де ере жүрдім. Кетіп бара жатырмыз, кетіп бара жатырмыз бітпейтін қара жол. Оның үстіне адамдардың еңіреп жылаған дауыстары миды тесіп өтердей, не болды? қайда бара жатырмыз? неге жылайсыңдар сонша? деп сұрасам қасымдағылардан ешқайсысы жауап бермейді, тіпті бетіме де қарамайды. Қайда бара жатқанымызды білмеймін, әйтеуір жүріп бара жатырмыз. Күн төбеден тесіп барады. Адамдардан терлегені соншалықты терден аққан суды өзен сияқты кешіп жүрміз. Есі кеткен зомбилардың арасында кетіп бара жатып тобыр арасында көзім бұлдырап бір кісіні көзім шалып қалды. Өзі таныс сияқты. Анықтап қарасам анам екен. Ойбай! бұл менің ақ сүт берген анашым ғой! Бірақ ол кісі мынадай аласапыранда не қылып жүр екен?! Қой, мән-жайды содан сұрайың деп қасына жүгіріп бардым. Анашыммен амандасып құшақтай бергенде, көкірегімнен итеріп жіберді. Астапыралла, бұнысы несі?! Түсінбей қалдым. Бәлкім мен қателескен шығармын?! Жоқ, сол өзімнің анам. "Ана, Сізге не болған? туған балаңызды танымай не көрінді? Бұл мен ғой түгенше деп қолын ұстай бергенде қолын тартып алып үн-түнсіз алға тоқтамай жүре берді. Ізінен жетіп алып құшақтап, аяғынан сүйсем де, "анашым" деп жыласам да қарамай кетіп қалды.
Жүрегім қатты сыздады. Аяғыма бір тікен кіргенде түні бойы ұйықтамай шығатын туған анамның бұл қылығы қалай болды?! Мен оның жан бауыры баласы емеспін бе?! Анасы баласына қарамайтын не заман бұл?! Қатты налыдым.
Дегенмен біреуге-біреу қарайтын заман жоқ, бәрі жүріп бара жатыр. Анам олай істеген болса оған бір себеп бар шығар деп көз жасымды сүртіп, өзімді жұбаттым. Ары қарай есі кеткен елмен бірге жолымды жалғастырудан басқа амал қалмады. Бір қарасам ұзақтан қарауытып үлкен бір төбе көрінгендей болды. Анықтап қарасам үлкен ағаш екен. Құдайға мың тәубә! деп қатты қуанып кеттім. Салқында жатып бір дем алатын болдым ғой деп жүгіріп барып жақындасам, ағаштың көлеңкесіне кіре алмаймын. Ары көрем, бері көрем алға ағашқа ұмтылған сайын көкірегімнен бір нәрсе итергендей болады. Бірақ ешкім жоқ. Осылайша сонша ұмтылысым босқа кетті. Шаршадым. Дегенмен ағаштың астында біраз адамдар көлеңкеде аяқтарын қиғаштап қойып дем алып отыр. Жандарында су ішіп отырған құмыралары бар. Бұл қалай? Мына кісілер кіре алады, мен кіре алмаймын. Оларға "Бауырлар! айналып кетейіңдер! мені қастарыңа алыңдаршы! мына күн өлтіріп барады деп даусым қарылғанша айқайладым. Ешқайсысы мойнын бұрып та қарамады. Алайда бәрі адам баласы ғой, менің жан айқайыма біреуінің жаны ашыды ма орнынан біреуі тұрып келіп:
- Егер жеті адамнан болмасаң сен бұл көлеңкенің рахатын көре алмайсың, - деп тарс еткізді
- Ол қандай жеті адам?
- Бұл ағаштың астына ана дүниеде әділ патша болған, Алла разылығы үшін біреуді жақсы көрген, біреуді жек көрген, зинаға шақырған әйелден бас тартқан, жастайынан Исламда болған, мешітке жүрегі байланған, Алла разылығы үшін достасқан адамдар ғана кіре алады. Егер Алла сені өз көлеңкесінің астына алмаса, саған бұл күні басқа көлеңке жоқ!
- Жан бауырым айтшы, қандай әділ патша? қандай Алланың көлеңкесі? не деп кеттің? Біз қайдамыз өзі? Мына адамдардың бәрі қайда бара жатыр?
- Ай, бейшара бауырым-ай. Сен әлі білмейді екенсің ғой. Бұл - Қиямет Қайым. Сен, мен, бәрібіз Маһшарға бара жатырмыз. Онда біз ана дүниеде не істегеніміз жайлы Алланың құзырында есеп береміз. Есебі дұрыс болғандар жұмаққа, есебі бұрыс болғандар тозаққа кетеді!
Бұл сөздерді естіген соң еңбектеп отыра қалдым. Иә, сол кезде бәрін түсіндім. Түсіндім бәрін де. Баяғыда Ақырзаман, күннін қақ төбеге келуі, есеп-қисап дегендерді молдалар үйге келіп қалғанда солардың аузынан іліп-шалып еститін едік. Күйіп-пісіп жаны ашығансып айтып жататын еді әйтеуір. Бірақ оған құлақ асатын біз қайда?! Сол күн осы екен ғой. Сол күн осы екен ғой... Қандай тез келіп қалған. Мен әлі уақыт бар екен ғой деп жүрсем. Енді есеп беру керек. Ал менің қоржынымда жылында бір рет оқыған айт намаз бен міндетсініп берген бір-екі тиын садақамнан басқа түк жоқ. Мен - құрыдым! деп еңіреп жерге құлап жыладым. Басымды тауға да, тасқа да ұрсам бұдан енді бір пайда келмейтінін сездім. Сөйтіп кенет гүрілдеп жылап жатқан даусымнан өзім оянып кеттім. Көзімді ашсам өз үйімде, әйел-бала шағамның ортасында жатыр екенмін. Бәрі ұйықтап жатыр. Қатты қуанып кеттім! Ақырзаман болмағанына, әлі менде мүмкіндік бар екеніне қуандым! Қуанғаным соншалықты көзімнен жас шығып кетті. Бұл жолы шын жас еді. Орнымнан жәй тұрып, балконға шығып ойлана бастадым. Көп ойландым... Және ойландым.. Алланың бұл бір маған берген ескертуі болған екен. Ескертуі... Осы уақытқа дейін бес тиынға татымайтын дүниенің азығын жинап келіппін, Ақыретім ақсап жатыр екен. Бұл - жәй түс болды. Әлі уақыт бар. Ертең түс емес, шын Ақырзаман келгенде не істеймін?! Күнге күйіп жанамын ба?! Жоқ, мен дайындаламын. Енді мен түсімдегі уақыт келген кезде ағаштың көлеңкесіне, ары қарап жұмаққа кірудің амалын жасаймын!
Жақсы жазылған екен. Ақыретке амалымызбен бірге барайық.