Пайғамбар (с.а.с.) мен соқыр тіленші оқиғасы
Пайғамбар (с.а.с.) мен соқыр тіленші оқиғасы

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында Мәдина қаласында көзі соқыр еврей қайыршы өмір сүреді. Ол күнде базарда отырып тіленумен қатар Алла елшісін "Мұхаммед ол өтірікші және сиқыршы. Оның қасына жуымаңдар. Сендерді де сиқырлап тастайды" деп жамандап жалған қауесетті тарататын еді. Бірақ бұрын-соңды ол өзі пайғамбармен (с.а.с.) сұхбаттасқан немесе жүздескен адам емес еді. Бұл туралы хабар ақыры Алла елшісінің өзіне де жетеді. Бірақ пайғамбар (с.а.с) мән жайды білгенде еш абыржымайды. Керісінше сол күннен бастап күнде азанда әлгі еврей тіленшіге тамақ апаруды әдетке айналдырады. Алла елшісі ешнәрсе деместен әкелген тамағын тіленшінің аузына өз қолдарымен салып тамақтандырады. Осы ісін пайғамбар (с.а.с.) өзі дүниеден озғанша жалғастырады. Одан кейін тіленшіге тамақ бару тоқтайды. Қайырымды кісі тамақ әкелуін неге доғарғанын соқыр тіленші түсінбейді.
Пайғамбар (с.а.с) қайтыс болып біраз уақыт өткеннен кейін Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) қызы Айшаның (р.а.) үйіне зиярат етіп барады. Ол Айшадан (р.а): "Сен үнемі Алла елшісінің (с.а.с.) жанында болдың. Біз білмейтін Оның қандай игі амалы, сүннеті болатын?" деп сұрайды. Айша (р.а.): "Әкешім, расында сіз пайғамбарға (с.а.с.) ең жақын сахабалардың бірі болдыңыз. Сондықтан Сіз Оның барлық сүннеттерін орындадыңыз. Бірақ Алла елшісінің жұрт білмеген бір амалы бар еді. Ол кісі күнде азанда базарға барып бір қайыршыға тамақ апарып беруді әдетке айналдырған болатын", - дейді. Бұны естіген Әбу Бәкір (р.а.) ертесі күні азанда тамақ алып әлгі еврей қайыршыға барады. Әбу Бәкір (р.а) үйінен әкелген астан қолымен тіленшінің аузына бір ауыз салғаннан кейін қайыршы түсінбестік танытып "бұл кім?" деп сұрайды. Әбу Бәкір (р.а): "Мен саған әр күні азанда тамақ әкеліп жүретін адаммын ғой" дейді. Сонда қайыршы ашуланып: "Өтірік айтпа! Сен ол емессің. Өйткені ол әр келгенде мен оның жақсылығын сезінетін едім. Тамақты аузыма салмайтын тұрып қолымен әдемілеп жұмсартып беретін. Және оның қолынан жеген ас жақсы қорытылатын еді" дейді. Бұны естіген Әбу Бәкірдің (р.а) көңілі босап көздеріне жас келеді. Одан кейін тіленшіге: "Мен саған тамақ әкеліп жүрген адамның жолдасымын. Ал, ол Алла тарапынан түскен Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) болатын" деп айтады. Бұны естіген соқыр қайыршы өз құлағына өзі сенбей Абу Бакрден (р.а) "Сонда маған күнде азанда тамақ әкеліп, аузыма өз қолымен салып жүрген қайырымды кісі Мұхаммед еді деймісің?" деп қайталап сұрайды. Әбу Бакр (р.а.) растайды. Әр таңда тамақ тасып жүрген адамның өзі жамандап жүрген Мұхаммед (с.а.с.) екенін білген кезде соқыр тіленші өзін ұстай алмай еңіреп жылап жібереді. Көзінен тамшылап ағып жатқан жасын сүртіп жатып "Мен оны лағнеттедім, артынан көп жаман сөздер айттым. Ал ол мені жамандамақ түгілі күнде ас әкелетін, ол аз дегендей өз қолымен аузыма салып тамақтандыратын. Ол қандай мейірімді әрі жақсы адам еді" деп Әбу Бәкірдің қолын ұстап: "Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.а.с.) оның елшісі» деп иман келтірді. Сол сәттен бастап көзі соқыр қайыршы еврей мұсылман болды.

Бурхан АбдулхакимБурхан Абдулхаким
9 лет назад 10063
2 комментария
О блоге
Прямой эфир